Сырға салу

Әр адамның өміріндегі басты қадамдардың бірі – отбасы құру, үйлену. Қазақ халқы мұндай маңызды іске аса көңіл бөлген. Халқымызда үйленудің өзі бірнеше кезеңнен тұрады, әр кезең – бөлек бір дәстүр. Олардың барлығында терең мағына жатыр. Үйленер алдындағы осындай дәстүрлердің бірі – сырға салу.
Сырға салу – қыз ұзату мен үйлену тойына дейін жасалатын дәстүр.

Ертеде айттырылған қызға үкі салынған. Қыздың бас киімінде үкі болса, жігіттер оның атастырылғанын, басы бос емес екендігін түсінген. Қазіргі таңда үкі тағу сырға салу дәстүрімен алмастырылды.

Ер жігіт үйіне қалыңдық алып келетіні жайлы хабар бергенде, үй ішіндегілер, туыстардың барлығы құдалық пен той қамын ойластыра бастайды.

Жігіт пен бойжеткеннің ата-аналары бір-бірімен танысады, жақындасады. Екі жақ сөз байласып, бойжеткеннің ата-анасы қыз беруге өз келісімін білдіргеннен кейін, жігіт жағы құда түсіп, қызға сырға салады.

Ер жігіттің екі жеңгесі болашақ келіннің құлағына өз тілектерін айтып, алтын сырға тағып, бетінен не маңдайынан сүйеді. Өз қыздарын қазақ халқы әрдайым алтынға теңегендіктен, келін болып түсетін қызға тек алтын сырға салады.

Сонымен қатар, жігіт жағы қыздың ата-анасына, туған-туыстарына әкелген сыйлығын береді. Қызға сырға таққан жігіттің жеңгелеріне арнайы сыйлық не көрімдік беріледі.

Сырға салынғаннан кейін қыз жат жұрттық болып саналады. Бұл жайтқа қыздың жағы ерекше дайындалып, құдаларына бай дастарқан арнайды, оларға да өз сый-сияпатын дайындайды.

Сырға салу рәсімінен кейін екі жақ түбегейлі құдаласып, тойдың қамын ойластыра бастайды.